Керей

Керей

Керей (карайлар) — қазақ құрамындағы көне тайпалардың бірі – Керей елінің де тарих көшінде белгілі бола бастаған кездеріндегі ғұмыр кешкен ата жұрты – сонау замандарда бірсыпыра түрік халықтарының қасиетті қонысы атанып, ғажайып ата жазу мұрағаттарымыз мәңгілікке қашалып, жазылып қалған, қазіргі моңғол даласы және оған іргелес жатқан байтақ аймақты қамтитын құтты мекеннің бір тұсы – Орхон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің құйқалы алқабы еді. Керей атауының шығуы туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ солардың арасында Орхон-енесай жазуларының білгір зерттеушісі, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлының апталығымызға ұсынған қолжазбасындағы Керлін (Керулен) өзені және ол өз басын алатын Кентау тауына қатысты пікір көңілге қонымды көрінеді. Онда қазақ ғалымы көне түрік жазуларында (Мойыншор ескерткіші, VIII ғ) бұл қоныс жер аты «Кейре» түрінде көрініс бергендігін айтады. Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі Тоғыз байырқулар қоныстанып келе жатқан төл мекен. Олар бірде «тоғыз байырқу», бірде «тоғыз оғұз», бірде «тоғыз керейлік» деп атала жүріп, ғасырлар өте келе «керейлер» боп өзгерген секілді. Бұл бағамдау Керей шежіресінде бұрыннан айтылып жүретін өзен атына қатысты әңгіме сарынын да пысықтағандай болады. Қытайда тұратын қазақ оқымыстыларының кейінгі кездерде бірсыпыра көне қытай жазбаларын қазақша сөйлете бастауы халқымыздың тарихына қатысты көптеген құнды деректерге жолықтырғанын бұрын да айтқан едік. Сол жазбаларда керей атауына да қатысты сәттер кездеседі. Мәселен, «Сүй патшалығының тарихында» Шеп тайпасының көсемі Керін Еркіннің Шығыс Түрік қағандығының үстемдігіне қарсы шыққаны туралы дерек бар. «Таң патшалығының көне тарихы» жазбасында сол Керіннің баласы Хылейдің де қаған болғандығы айтылады. Яғни осылардағы Керін мен Хылей «Керей» деген атау болуы да мүмкін деген топшылау ортаға тартылады. Аудармашылар бұл жазбалардан Шеп тайпасымен бірге Сеп, Байлау, Қойлау секілді тайпалар атауының да ізін бағамдағандай болды. Бір қызығы, Алтай аймағыгда ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен керей Мәмидің шежіресінде де осыған үндесетін тұстар бар. 

Комментариев нет: